Назарбаев Зияткерлік мектебінің мамандары «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында
Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Қоғамға қызмет» әлеуметтік жобасы аясында «Мұстафа Шоқай» шаңырағының оқушылары мен Өнер пәнінің мұғалімдері «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында «Шеберлік сабақтарын» өткізді. Зияткерлік мектептің мұғалімі Жарасбек Өтебаев ән-күй сабағының сырларымен бөлісіп, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне бағдарлама арқылы ән жазуды үйретсе, ал Нариман Сариев бейнелеу өнер пәні бойынша 3D суреттеуді көрсетті. Ағаш ою өнеріне де қызығушылық танытқан тәрбиеленушілер Жанұзақ Темірбеков сабағына қатысып өз қолдарымен ерекше бұйымдар әзірлеуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, кейбір өнерпаз тәрбиеленушілер бидің ырғағымен тербелсе, енді бірі - теріге қырып сурет салып, жүннен картина жасауды үйренді. Қолөнер арқылы қыз балалар түрлі әшекей бұйымдар жасаса, ермексаз арқылы мүсін жасау түрлері жас жеткіншектерге өмірге қажетті дүниелер жасауға үйретті. Зияткерлік мектептің оқытушылары «Атамекен» тәрбиеленушілерінің сабақ барысында жасаған қолөнер бұйымдарын өздеріне сыйға тарту етті.